Енді Шымкент қаласының әуежайында жеке деректерді растау үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы цифрлы жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі ашылды. Қызметтің бұл түрі бұрын тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларының әуежайларында бар болатын.
Әуежайда цифрлы жеке куәлікті пайдалану үшін eGov mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» бөліміне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдасаңыз болғаны. Әуежайдың тіркеу бөлімінде, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде QR-коды көрсету қажет.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, отандық әуе компаниялары мен әуежайларының және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүйелерді интеграциялау бойынша бірлескен жобасын жүзеге асыру нәтижесінде ішкі рейстерде цифрлы жеке куәлікті пайдалану қызметі қолжетімді болып отыр.
Айта кету керек, «Шымкент» әуежайы әуе кемелерінің барлық типтерін қабылдайтын халықаралық әуежай болып табылады. Тәулік бойғы режимде жұмыс істейтін әуежайда кедендік, шекаралық және санитарлық-карантиндік бақылау қызметтері толықтай қамтамасыз етілген. Халықаралық ИСО 9001:2008 стандарттардың ХСС талаптарына сәйкестік сертификаты және IQNet бірыңғай халықаралық үлгідегі сертификатқа ие.
Әуежай жақын және алыс шетел елдеріне қатысты тұрақты жолаушылар рейстерін жүзеге асыратын көптеген әуекомпанияларға қызмет көрсетеді, оның ішінде: «Эйр Астана», «СКАТ», «Трансаэро», «FLY Dibai», «BEK AIR», «S7».
«Шымкент» әуежайынан Қазақстан Республикасының барлық облыстық орталықтарына, сонымен қатар ТМД елдерінің, алыс және жақын шетелдің Мәскеу, Новосибирск, Стамбул, Анталия, Үрімші, Дубай қалаларына тұрақты рейстер жүзеге асырылады.