Шымкентте биыл жеткен жетістік көп. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ontustik» телеарнасының эфирінен берілетін «Әкім сағаты» телебағдарламасына қатысты. Шаһар басшысы қаланың биылғы жылдың тоғыз айында қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндап, көрермендер сұрақтарына жауап берді.
Инвестиция көлемі 260,7 млрд. теңгеге жеткен. Бес жыл ішінде 2,6 трлн. теңге болатын 282 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, биылғы жылы 152,6 млрд. теңге болатын 63 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 7 264,6 млн. теңге бағытталып, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,8 есеге артқан. Жыл басынан бері 1591 жоба қаржыландырылған. «Мен кәсіпкер боламын» арнайы іс-шаралар жоспарына бөлінген қаражат 1,5 есе өсіп, 186,1 млн. теңге бөлінген, 21 жоба қаржыландырылған.
Эфир барысында қала әкімі көрермендер тарапынан түскен сауалдарға жауап берді. Тұрғындар Т.Рысқұлов көшесінің көлік қозғалысына ашылатын мерзімін, электр қуатының сапасын арттыру, табиғи газ жүйелеріне қосылу, А-2 айналма жолының құрылысы, тағы басқа өзекті мәселелер бойынша сауал жолдап, нақты жауаптарын алды.