Халыққа арналған былтырғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек» - деп атап өткен болатын.
Осы негізде, Олжас Нахипов есімді азамат балық ыстау нарығында 2008 жылдан бері кәсібін дөңгелетіп келеді. Бастапқыда кәсібін шет елдерден әкелінетін теңіз өнімдерін сатудан бастаған ол нарықты, технологияны зерттеп, өзі шағын балық ыстайтын цех ашуға бел буғанын айтты.
– Біз әртүрлі шетелдік компаниялардың дайын өнімдерін сатттық. Өнімді сырттан әкелгеннен гөрі осы жерде дайындаған дұрыс екенін ұқтым. Сол кезде өнімнің де дәмі бұзылмайды. Оның үстіне адамдар денсаулыққа пайдалы асты тұтынғысы келеді. Тұтыну нарығын зерттей келе, өзіміздің балықты өңдеу және ыстау цехын ашатын болып шештік. Алғашқы өнім Шымкент қаласы «Теңіз» ірі көтерме-бөлшек дүкені арқылы сынақтан сәтті өтті. Цехта дәстүрлі табиғи ыстау тәсілі қолданылады. Аздап тұздалған және ысталған арқан балық, алабалық, аздап тұздатылған майшабақ, скумбрия, ыстық және салқын ысталған теңіз және тұзды су балықтары, тыран және бақтақ, тағы басқа өнім түрлері бар. Ысталған балықтардың маусымы наурыздың аяғынан бастап желтоқсанға дейін жалғасады – дейді Олжас.
Жеке кәсіпкер алғашында жылыжай кешенін іске қосуды жоспарлаған. Алайда «Даму» Қорының менеджерлерінің кеңестеріне жүгініп, цехты ұлғайтуға шешім қабылдады.
Балық ыстайтын өндіріс үшін «Даму» Қоры несие пайызының біршама бөлігін субсидиялады. «Даму» Қоры жобаны кепілдік бойынша 5 жұмыс күні ішінде мақұлдады. Мүлік жетіспеген жағдайда қор өзінің несие соммасынан 50 % дейінгі кепілдігін берді.
«Forte Bank» АҚ филиалы клиенттің өтінішін бар болғаны 10 жұмыс күні ішінде қарастырып, несие берді.
Қазіргі таңда, цехта айына 6-7 тоннаға дейін балықтар өңделеді. 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық жеткізу және дайын өнімді өткізу үрдісі ретке келтірілген. Шикізатты негізгі жеткізушілер – жергілікті және сонымен бірге ресейлік компаниялар.
Дайын өнімдер ірі супермаркеттер мен өңір базарларында сатылуда.