Шымкент қаласында төртінші индустриалды аймақ ашылады. «Стандарт» жеке индустриалды аймағы деп аталатын бұл кешенде шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады деп жоспарлануда. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Аймақта 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылуы көзделген.
Айта кету керек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» деп атап өтті.
Индустрияландыру бағдарламасының қабылданғанына да он бір жылдан асып барады. Үкіметтің соңғы он жылдан бері индустрияландыру саясатына баса көңіл бөліп жатқандығын айта кету керек. Олай болса, бұл орайда Шымкент қаласында бағдарламадағы талаптарды жүзеге асыру ісі қарқынды жүруде.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебковтың айтуынша 2020 жылы Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын өнеркәсіп өнімдері құраған. Биылғы меже бұдан биік. Бұл өсімге индустриялды аймақтардың да үлесі қомақты.