Халыққа арналған былтырғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек» - деп атап, кәсіпкерлікті қолдау басты міндет екенін ескерткен болатын.
Осы негізде Үшінші Мегаполисте өткен «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша гранттық байқаудың нәтижесі айтылды. Аталмыш байқаудың шарттары мен жеңімпаздары туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-иннвациялық даму басқармасының бөлім басшысы Үсен Исаев, конкурстық комиссия төрайымы кәсіпкер А.Наимбекова, комиссия мүшесі «Бағбандар қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы М.Абдукаримов айтты.
– «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамның осал топтағы азаматтары инновациялық жобаларымен 2-5 миллион теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндік беретін байқауға қатыса алады. Осыған орай, 5 - 19 сәуірі аралығында қаламыздағы «Заңғар» бизнес орталығында үміткерлерден құжаттар қабылданды. Оның жалпы саны 212-ге жетті. Алайда құжаттардың толық болмауына байланысты көбісі иелеріне толықтыруға кері қайтарылды. Оның ішінде 9 кәсіпкер құжаттарын толықтырып, түзетіп қайта тапсырды. 28 сәуірде 13 адамнан құралған конкурстық комиссияның отырысы ұйымдастырылды. 29-30 сәуір мен 4 мамыр аралығында комиссияның қарауына ұсынылған 183 кәсіпкер өз жобаларын қорғады, - деді Үсен Исаев.
Сондай-ақ, гранттық конкурсқа жергілікті бюджеттен жалпы саны 150 млн. теңге бөлініп отыр. Оның 20 млн. теңгесі комиссия шешімімен 4 кәсіпкердің еншісіне бұйырды. Бұл туралы комиссия төрайымының орынбасары Абдукаримов Мақсат атап өтті.
– Грант ұтып алған азаматтарды атайтын болсақ ол Умарова Гульзира. Фирмасының атауы "Тотили". Үй жағдайында науқастарға барып УДЗ аппаратына түсіру бойынша грант иегері. Ол әлеуметтік осал топқа жататындықтан бұл жерде жобаның инновациялық шарты рөл ойнамайды. Бейсенбаева Эльмира "Агротоп" ЖШС иесі. Ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерін жаппай аулауға арналған желім тұзақтарын өндіру жобасын комиссия грантқа лайық деп шешті. Қожан Кәмилә "WORLD AGRO TRADE" ЖШС-ін басқарады. Ол қияр, бұрыш және баклажан зиянкестеріне қарсы Amblyseius swirskii және Amblyseius californicus жыртқыш кенелерін өсіру және сату бойынша жобасын сәтті қорғап, жеңімпаз атанды. Пирматов Әзімбек "Doiyr Electronics" ЖШС-нің басшысы. Кәсіпорынды өнеркәсіптік автоматтандыру үшін "Дойыр" бақылау аппаратын құрастыратын өндірістік желіні іске қоспақ. Мұның да жобасы грантқа лайықты деп табылды,- деді М.Абдукаримов.
Жалпы қаралған 183 жоба қатысушыларының 95-і әлеуметтік осал топтағы кәсіпкерлер, 59-ы 29 жасқа дейінгі жас бизнесмендер және 128-і кәсіпкер әйел болып іріктелді.
Ендігі гранттық конкурс биылғы жылдық шілде айында өтеді. Ал қазанда республикалық бюджеттен бөлінген 46 млн. теңгеге жас кәсіпкерлер байқауы ұйымдастырылады.
Өз кезегінде грант иегерлерін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» мамандары жылына екі мәрте тексеріп отырады. Егер грант қаражаты өз мақсатына сай жұмсалмағандығы анықталса, онда кәсіпкер алған қаржыны кері қайтарады.