Елімізде 17 қаңтардан бастап енгізілген "Ashyq" пилоттық жобасына қатысу ерікті түрде жүргізіледі. Үшінші мегаполисте де аталмыш жобаға қатысушылар қарасы көп. Олардың ішінде басым көпшілігі кәсіпкерлер.
Қазіргі таңда, қаладағы кәсіпкерлерден жобаға қатысуға барлығы 848 өтінім түскен, оның ішінде 367-не QR код берілді. 192 нысан әкімдік сайтына орналастырылды. Олардың қатарында бірнеше фитнес-клуб, кинотеатр, спа-орталық, сауна мен басқа да нысандар бар.
Қосымшаны қолдану: нысанға келуші өз телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп, телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ін енгізуі керек. Кіруді тіркеу үшін нысанның QR-кодын сканерлейді.
Егер адам коронавирустың ПТР сынағынан өтіп, оң нәтиже алса, «қызыл» мәртебе беріледі. Мұндай мәртебе иелеріне үйде оқшаулану режимін қатаң сақтау бұйырылады.
«Сары» белгі байланысқа түсетін адамдарға тағайындалады. Оларға азық-түлік алуға немесе үй жанындағы дәріханаға шығуға рұқсат етіледі. Бірақ басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады.
«Көк» түс – ПТР тест талап етілмейтін жерлерде еркін қозғалады.
«Жасыл»түс – қозғалыс еркіндігінің белгісі.