«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге аса бастағалы шарапатын көрген жастар қатары көбейіп келеді.
Айта кету керек, бұл жобаға 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Сонымен қатар олар бұрын-соңды еш жерде жұмыс істеп көрмеген, еңбек өтілі мүлдем жоқ болуы шарт. Бұл жоба жұмыссыз жастарға арналған.
Сонымен қатар, алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық берілетінін айтады сала мамандары. Осылайша қалалық жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісімшарт жасап, оқу орнын аяқтаған жастарды 24 ай жұмыспен қамтиды.
Жобаға қатысушының еңбекақысы – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың алғашқы 12 айдың еңбекақысын субсидиялайды.
Олай болса, үміткерлер өздерінің тіркелген мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығы бөлімшелеріне жеке куәлігі мен білімі туралы құжатның көшірмесін тапсырып, өтінім бере алады.
Бүгінгі күнге дейін бұл жобаға қатысуға тілек білдіргендер арасында 100-ге жуық жас өз мамандығы бойынша түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолдама алды. Осылайша олар екі жылға тұрақты жұмысқа орналасуда. Ал, расында сол мекемеде бос жұмыс орны ашылуына байланысты тұрақты жұмысқа орналасқандары да аз емес.