Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан Шымкентте абаттандыру жұмыстары да қатар жүруде. Қаланы сән-салтанатта, тазалықта ұстау өте маңызды. Жасыл-желегі жайқалған таза жерге келетін адам саны да көп болады. Осы орайда Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасақтары қала аумағын күл-қоқыстан тазарту жұмыстарын белсенді жүргізуде. Бұл жолы жастар Ынтымақ-2 шағынауданында сенбілік өткізді.
Қаланы көркейтуге 200-ге жуық жас атсалысты. Жұдырықтай жұмылған қыз-жігіттер қала көркін қашырып тұрған күл-қоқыстарды жинастырып, қоршаған ортаның көркеюіне қолғабыс жасады. Олар көше бойында шашылған қатты қалдықтарды теріп, қоқыстарды жүк көліктеріне тиеді.
– «Жасыл ел» бағдарламасы жазғы маусым кезінде студент-жастарды жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді. Үшінші мегаполисте биыл 1200 жас бағдарлама аясында еңбек етуде. Төрт аудан әкімдігімен бірлесіп 10 рет сенбілік өткіздік. Әр тазалау кезінде 400-500 қап қоқыс жиналады. Жастардың белсенділігі байқалады. Жұмысқа ынталы жастардың жылдан жылға қатары артып келеді. Тамыз айында екі айлық жобамыз аяқталады, - деді «Жасыл ел» жобасының үйлестірушісі Абай Андабаев.
Жастар осыған дейін Қаратау, Еңбекші аудандарында болып, тазалық жұмыстарын атқарған. Еңбек жасағына жұмылдырылған 16-29 жас аралығындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен белсенді жастар қосылған. Оларға 42500 теңгеден жалақы төленеді.