Ауылшаруашылығын дамыту, шаруаларға қолдау көрсету мақсатында Кемербастау ауылдық округіне қарасты «Мирош» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінде семинар-кеңес ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен, ел ағалары Жартыбаев Келесбек, Меңлібеков Айтбек және ауыл округтерінің жер мамандары мен шаруа қожалық төрағалары қатысты. Семинар барысында «Мирош» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Сабуров Әжібай қарияның 9 га егістік алқабының басына барып, өнімдердің жай күйімен таныстық.
77 жасқа қараған қария екінші ұлымен бірге егін егіп, жер жыртып жүргеніне биыл 23 жыл болады екен. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Керимбеков Жәнібек және жер мамандарымен тығыз байланыс орнатқан қария аудан халқымен қоса, өзге өңірлерге де өнімдерін ұсынып жүр. Шөлдесең шөліңді қандыратын тәтті қарбыз-қауынның 6 түрлі сортын егіп, ризығын жерден көріп жүрген қарияның жиынды өткізудегі басты мақсаты - жастарға үлгі көрсетіп, тәжірибе алмассақ дегені.
- Мен Қарақалпақстаннан көшіп келгелі егістік егемін. Бұл жер 9 га. Оның 6 га қарбыз, 1 га қауын, 3 га картоп. Қарбыздың «Волгоградтың» және қыстық қара қарбыз түрін, қауынның ташкенттік сары қауын және торпеда түрін, картоптың «Невский» сортын ектім. Қауын мен қарбыздың гектарына 30 тоннадан өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз – деді ол.