Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында тәртіп сақшыларының қатысуымен дәстүрлі облыстық «Парасатты полицей» байқауы өтті. Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен онлайн - байқауға облыстағы16 қала, ауданнан командалар қатысып, өздерінің өнерлерін бейнежазбаға түсіріп, жолдаған. Сайыс қорытындысы бойынша ТО ПД-нің бастығы, комиссияның басты мүшесі, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков сақшыларға жүлделерін табыстады.
Онлайн режимде өткізілген додада полицейлер сегіз қырлы бір сырлы екендігін танытып, өз өнерлерін, білім-біліктілігін көрсетті. Сондай-ақ, полицейдің де ән шырқап, би билеп, әзіл айтатыны, өгерге жақындығы сүйсіндірді. Тәртіп сақшыларының ешбірі жүлдесіз қалмады. Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Салтанат Қаракөзова сайысқа қатысушыларды құттықтап, байқаудың мақсатына тоқталып өтті.
- «Бұл байқаудың негізгі мақсаты - жас және талантты полицейлерді таныту. Полицияның оң имиджін қалыптастыру, сонымен қатар, ең маңыздысы мемлекеттік тіліміз «қазақ тілінің» мәртебесін нығайту» - деді ол.
«Парасатты полицей» байқауының қорытындысымен, Арыс қаласынан келген «Арыс барыстары» командасы үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Бірінші орынды – Түркістан қалалық басқармасынан қатысқан «Тәртіп» командасы қанжығасына байласа, екінші орынды – Жетісай АПБ-нің «Жетісай қырандары» мен Мақтаарал АПБ-ның «Мақтаарал жалыны» алды. Ал үшінші орын Шардара АПБ-ның «Өнерлі полицейлер» және Сарыағаш АПБ-дан «Сарыағаш сақшылары», Төлеби АПБ-дан «Төлеби қырандары» командалары иеленді.
Сондай-ақ «Көркемсөз шебері» номинациясы-Созақ АПБ-дан «Айбын», «Көрермен көзайымы» номинациясы- Бәйдібек АПБ-дан «Бәйдібек жұлдыздары», «Өнерлі команда» номинациясы-Түлкібас АПБ-дан «Алау» тобы, «Тілі басқа, тілегі бір» номинациясы бойынша Сарыағаш АПБ-дан полицей Видади Наурызов, «Ұйымшыл команда» номинациясы-Келес АПБ-дан «Келес қорғандары», «Үздік сахналық көрініс» номинациясы-Сайрам АПБ-дан «Сайрам сақшылары» марапатталды. Оған қоса 3 команда, яғни Кентау ҚПБ-дан «Ынтымақ», Ордабасы АПБ-дан «Ордабасы оттары» және Қазығұрт АПБ-дан «Қазығұрт таланттары» - байқауға қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтарымен және алғыс хатпен марапатталды.
Байқауда жеңген полицейлердің қойылымдары жазылған бейнежазба алдағы уақытта республикалық көлемде өтетін «Парасатты полицей-2021» байқауына жолданып, сынға түсетін болады.