Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: шаІс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ел аумағында алдағы 5 жылда орманды алқаптарда 2 миллиард, ал елдімекендерде 15 миллион көшет егуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай Шымкентте қаланың экологиялық ахуалын жақсартатын бірқатар жоба қолға алынбақ. Негізгі бағыт көгалдандыру болады. Бұған қоса 8 негізгі саябақ пен 39 гүлзарды қайта құру қолға алынып, Қошқар ата өзенінің бойынша абаттандыру басталады.
Алдағы жоспар бойынша қаладағы негізгі 8 саябақ пен 39 гүлзар қайта құрылып, абаттандырылады. Бұған қоса 8,2 га жерде миллион көшет өсіріліп, барлығы қаланың аумағында егілмек. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен шаһардағы 4 ауданның әрқайсысында 10 га, қала бойынша жалпы аумағы 40 гектар болатын жасыл аймақтар құрылады. Оларды күтіп-ұстау жауапкершілігі аудан әкімдеріне тапсырылған.
Мамандардың айтуынша Президенттің тапсырмасына орай Шымкенттің жасыл белдеуін дамыту іс-шараларының жоспары бекітілген. Осыған орай қаладағы ағаштарды электронды түрде санау жүйесін енгізу басталып, 2025 жылға дейін жасыл белдеу көлемін 21 544 гектарға жеткізуді көзделіп отыр. Жалпы саны 6,5 миллион ағаш пен бұта егіледі деп күтілуде. Арнайы электронды бағдарлама қаладағы барлық ағаш пен бұтаны қамтып, олардың санын ғана емес, жасын, түрі мен қазіргі қалпын да есепке алады.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 9 шілдедегі «Шымкент қаласын дамытудың және құрылысын салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, мегаполистің жасыл белдеуін тағы 13 мың гектарға ұлғайту көзделген. Ал жалпы, алдағы жылдары Шымкентте 5 миллионнан астам тал-дарақ егілмек. Қазіргі таңда «Жасыл белдеу» мекемесіне қарасты 1483 гектар жерде 263 мың тал өсіп тұр.