Коронавирустық инфекциясына қарсы егіліп жатқан вакцина адам денсаулығына ешқандай кері әсерін тигізбейді. Бұл керісінше індеттен құтылудың жалғыз жолы. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте эпидемиолог дәрігер Ләззат Наурызова мәлімдеді.
Оның сөзінше, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде екпеге қарсы айтылып жүрген әңгімелердің барлығы ғылыми тұрғыдан қарағанда ешқандай қисынға келмейді.
- «Ресми дерек бойынша өңірімізде ақпан айынан бері 582 407 адам І-компонентін қабылдаса, 545 444 адам ІІ компонентін салдырған. Осылардың ішінде вакцина салдырып, денсаулығы нашарлап кетіпті деген жағдай тіркелмеген. Вакцина салдырғандар індет жұққанның өзінде ауруды жеңіл өткізеді. Салдырмағандардың жағдайы қиын болатыны сөзсіз. Яғни, кейбір азаматтардың вакцина ектіруге қарсы айтып жүргендері дәлелсіз жалған ақпарат екенін айтқым келеді. Облысымыздың барлық тұрғындарын мұндай сөздерге сенбестен, жаппай епке қабылдауға шақырамын. Коронавирусты жұқтырып, ауруханаға түскендердің басым бөлігі вакцина алмағандар екенін атап өткім келеді», – деді Л.Наурызова.
Өз кезегінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Искаков Асқар өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың аса жақсы емес екенін баяндады. Түркістан облысы 9-тамыздағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша сары аймаққа енді. Дегенмен, облыс көлеміндегі бағалау бағалау бойынша Жетісай, Мақатаарал аудандары мен Түркістан, Кентау қалалары қызыл аймақта.
Айта кетейік, облыста пандемия басталғалы бері «COVID-19» індетімен тіркелген жағдайлар саны 10 880 жеткен. Жазылып шыққандар саны – 8 891, қайтыс болғандар– 60. Соңғы 10 күн ішінде коронавирустық инфекциясымен 1403 жағдай тіркелді. Оның ішінде 775 симптомды, 625 симптомсыз. Бүгінде 2035 адам коронавирустық инфекциясымен емделуде, оның ішінде 2005 науқас инфекциялық стационарда, 30 науқас карантиндік стационарда және 289 адам үй карантиінде бақылауда.