Шымкентте сотталғандарды жұмыспен қамту қарқынды жүргізілуде. Қаладағы ИЧ-167/3 түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілер сауаттылығын арттырып, жаңа кәсіп түрін меңгерді. Айта кетейік, қазіргі таңда түрмеде 5 түрлі кәсіп қолға алынған. Олар: наубайхана, дәнекерлеу,тігін, жиһаз жасау және арнайы құстарды көбейту ісі. Ол үшін кәсіпкерлер мен мекеме басшылығы арасында келісім түзілген. Арнайы бағдарлама негізінде сотталушыларға өндіріс орындары ашылып, екі қолға бір күрек табылуда. Қазіргі таңда екі жүзден астам жазасын өтеуші жаңа кәсіп иесі атанып отыр.
«Қазіргі таңда мекеменің өндіріс аймағында 221 сотталғандар жұмыс істейді. Оның ішінде шаруашылық қызметінде 65 сотталушы, «Еңбек» Шымкент қалалық филиалында 81, жеке кәсіпкерлерде 75 сотталғандар жұмыс істеуде»,- дейді Шымкенттегі ИЧ-167/3 түзету мекемесі сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің аға инспекторы Нұрсері Батырбеков.
Кәсіп түрін меңгеріп, нәпақасын үйіне жіберіп отырғандардың бірі Рамазан Ташиев. Оның мекемеге түскеніне 5 айдың жүзі болады. Аз ғана уақыттың ішінде ол құс өсіру ісін меңгерді. Ендігі мақсаты қоян шаруашылығын дамыту.
Бұдан бөлек мекемеде басқа да кәсіп түрлері бар. Мәселен, жиһаз құрастыратын цехта 37 сотталушы жұмыс істейді. Небәрі үш айдың ішінде жазасын өтеушілер 800 ге жуық орындықты жасап шығарған. Тапсырыс берген кәсіпкер сапалы өнім жасау үшін қажетті дүниелерді уақытылы жеткізіп отыратын көрінеді.
Сотталғандар 8 сағаттық жұмыс режимде еңбек етеді. Әрі тапқан таянғандарын отбасына жіберсе бір бөлігімен мемлекет алдындағы берешегін өтейді. Мекемеде 6 түрлі кәсіп бойынша оқытылады.Жазасын өтеушілер бостандыққа шыққаннан кейін темір торда жинаған тәжірибесін өмірлік азығына айналдыруға мүмкіндігі бар.
Еліміз бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында кәсіппен айналысамын деушілерге қолдау көрсетіліп, жастар тәжірибесіне жіберіледі. Әрі еңбек нарығына қажетті мамандықтар оқытылып, әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады. Мамандардың айтуынша, жазасын өтеушілер бостандыққа шыққаннан кейін, осы бағдарламаға қатысуға мүмкіндіктері бар.