Екі күнге созылған «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» форум-көрмесі қорытындыланды. Қорытынды кешке қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, барша қала тұрғындарын 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күні мерекесімен құттықтады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов көрмеге қойылған қаладағы креативті жобалар мен туындылармен жеке-дара таныс болды.
Сондай-ақ, қорытынды кеште шаһар басшысы туристік креативті қала қалыптастыру үшін Шымкенттің әлеуеті жететіндігін атап айтты. Ол үшін бүгінгі форумның маңызды екендігіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері болуы тиіс екендігін айтты. Әлемдегі көптеген қалалардың экономикасы туризм табысынан құралады. Осы мүмкіндік Шымкент қаласының даму бағдары болуы керек. Туристік креативті қала қалыптастыру бойынша бүгінгі форум-көрмеде қаламызда туризм индустриясын дамыту мүмкіндіктері қарастырылады, - деді Мұрат Әйтенов.
Форумда креативті индустрияларды дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жумин, «Salem Coffee» және «Global Coffee» кофеханалар желісінің негізін қалаушы Аят Азимов, Шымкент қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев және басқа да туристік қызмет көрсететін кәсіп өкілдері жетістіктерін айтып, идеяларымен бөлісті. Сондай-ақ, көрмеге еліміздің өзге де қалаларынан қонақтар келіп, туындыларды тамашалады.