Жыл сайын Кентауда су тазарту станциясындағы су тазартқышқа 3000 - 6000 куб аралықта су жиналады. Ол бүгінгі таңда Кентау қаласы үшін жеткіліксіз болып отыр. Себебі, қалада халық саны артқан сайын су тұтынушыларда көбейіп келеді.
--- Енді бұрыңғы су жинағыш резервуардан бөлек, 10 000 кубқа дейін су жинайтын жаңа су жинағыш резервуар салуды және "Ақ бұлақ" бағдарламасына енбей қалған жеке сектордағы үйлерді аузы суға қосу үшін құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Жұмыстар жүзеге асқан кезде қала тұрғындары толыққанды жаңа су құбыры арқылы ауыз сумен қамтылатын болады- деді қала әкімі Д.Махажанов.
Сондай-ақ, Кентауда жер асты суларын тиімді пайдалану жобасы қолға алына бастады.
--- Өздеріңізге аян қаланың жер асты суы көтерілуде. Сол себепті кейбір аймақтардың жері төмен түсіп, ойық жерлер пайда болуда. Бұлай жалғаса беретін болса, апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Біз сол қауіптің алдын алу мақсатында жер асты суын азайтуды, сол суды біршама істерге пайдалануды қолға алып отырмыз. Бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне 4 дана сусорғыш орнатып, Кеншілер саябағында орналасқан бетонды арыққа құю арқылы қала ішімен алып өтуді қарастырудамыз. Жоба жүзеге асқан жағдайда, Алматыдағы "Весновка" өзені іспеттес, Кентау көшелерінен де мөлдір таза су ағып өтетін болады. Сонда Кентау өзінің жасыл желекті келбетін сақтайды, әрі тұрғындарға жайлы орта қалыптасады – деді қала әкімі.