Түркістан облысында жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар артты. Жыл басынан бері бір ғана Қазығұрт ауданының өзінде 2529 азамат қаржы ұйымдарынан 2 млрд. 283 млн. жеңілдетілген несие алған.
Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев несие алып, өз жұмысын бастаған Қазығұрт ауыл округіндегі бірқатар кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысты.
Ауыл тұрғыны Женис Дуйсебаев 3,5 млн. теңге қаржы алып, өз үйінің мал қорасында ірі қара мал бордақылауда. Ал, Қалдыбай Жәнібек 2,5 млн. теңге қаржыға өз ауласынан шағын газоблок өндіруде, келешекте арнайы цех құрылысын салып өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланған.
Қазығұрт ауданының тумасы Нұржан Мұратов жиһаз жасау цехын ашып, аудан азаматтарын жұмыспен қамтып отыр. Жоралы Нарымбетов 6,8 млн. теңгеге өз ауласынан қора салып, 6 түйе асырауда. Қымыран дайындап, көпшіліктің ықыласына бөленуде, алдағы уақытта түйе басын көбейту жоспарында бар.
Түркістан облысында кез-келген шаруа пайыздық мөлшерлемесі төмен несиеге қол жеткізе алады. Жеңілдетілген несиені «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микрокредиттік қаржы ұйымы арқылы алуға болады. Қаражат жеке тұлғаларға, шаруа қожалықтарына, жеке кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға басым бағытқа ие барлық кәсіп түрлері үшін беріледі. Несиені барлығы бірдей ала алады. Бастысы, кредиттік тарихында олқылық болмай, бизнес-жоспары болуы шарт.