Түркістан облысының Созақ ауданында шаруалар биыл қуаңшылық қыспаққа алғанына қарамастан еккен егінін, шашау шығармай жинап, күзгі жиын-терімді табысты аяқтады. Жері шөлейтті, климаты құрғақ болса да ауыл-аймағымен жаңа технологияға ден қойып, мал баққан шопандарына дейін бау-бақша да салып, табысқа кенелген ауданда «Алтын күз» жәрмеңкесі өтті.
Шолаққорған ауылының тұрғыны Әбдісалам Бабатай соңғы 5 жылдан бері бау-бақша дақылдарын егіп келеді. Биыл 400 сотық алқапқа картоп, сәбіз, пияз, қызанақ отырғызған. Тамшылатып суарудың нәтижесінде мол өнім алғанын айтады.
– Дақылдың барлық түрі бар енді. Қызанақтан 10 тонна алдық. Өткізіп болдық, қалғанын бүгін жәрмеңкеге әкеліп, халыққа қол жетімді бағамен сатып жатырмыз. Өткізіп жатқан өнімдерімізде ешқандай химикат жоқ. Таза өнім, – дейді диқан.
Сондай-ақ ауданда топырақтың құнарсыздығы мен су тапшылығына қарамай бау егіп, жайқалтып отырған шаруалар да бар. Мәселен, 15 гектар жерге орналасқан «Гүлғайша» алма бағында 8 мың түп көшет жеміс беруде.
Бағбан жәрмеңкеге 2 тонна алма әкеліп, аудан тұрғындарына нарықтағыдан төмен бағамен саудалады.
– Өнім бере бастаған уақытысы ғой қазір. Былтырлары 15-20 тонна өнім жинасақ, биыл 50-60 тоннаға дейін жинау жоспарланып отыр, – дейді бағбан Қанат Қайратұлы.
«Алтын күз» жиын-терім жәрмеңкесіне Созақ ауданының шаруалары өндірген 100 тоннаға жуық әртүрлі ауыл шаруашылығы өнімі қойылды. Дәлірек айтқанда 37 тонна бақша және көкөніс дақылдары, 21 тонна ет, 1,5 тонна балық, 26 тонна мал азығы және басқа да азық-түлік өнімдері сауда сөрелеріне шығарылды.