Түркістан облысының Мақтаарал ауданында елімізде жүргізіліп жатқан Ұлттық халық санағының бірінші кезеңінде 21 мың 555 тұрғын үй, 133 мың 28 тұрғын анықталды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова брифингте айтты.
– Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бекітуімен Ұлттық халық санағын жүргізуге жәрдемдесетін аудандық комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген. Жалпы екі кезеңнен тұратын халық санағының бірінші кезеңінің нәтижесі бойынша 21 мың 555 тұрғын үй, 133 мың 28 халық саны анықталды. Екінші кезеңде нақтылау жұмыстарының нәтижесінде Мақтаарал ауданында халық санынын бұдан да жоғары болуы күтілуде,– деді Алтын Күнтуқызы.
А.Ешанқұлованың айтуынша, екінші кезеңде халық санағын өткізу бойынша 23 нұсқаушы, 163 сұхбатшы жұмылдырылыпты. Қазіргі таңда аудан бойынша санақ персоналын қалыптастыру мақсатында кенттер мен ауылдық округтердің тұрғындарынан сұхбатшыларды қабылдау жұмыстары қарқынды жүруде. Эмидемиологиялық ахуалға байланысты қазіргі таңда 147 сұхбатшы вакцина қабылдапты.
Әкімнің орынбасары ұлттық халық санағы цирфлық форматта өтіп жатқанын да атап өтті. Яғни, азаматтар өздерінің орналасқан жеріне қарамастан онлайн арқылы өздері және отбасы мүшелері sanaq.gov.kz сайтында сауалнамаларды толтыру арқылы санақтан өте алады. Қазіргі таңда 13 мың 900 адам онлайн түрде санаққа қатысқан. Сонымен қатар, мақтааралдықтарды ұлттық халық санағына белсенді қатыстыру үшін үгіт-насихат жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, бұл бағытта ауданда билбордтар мен баннерлер ілініп, тұрғындарға үнпарақшалар таратылуда.
Брифинг барысында журналистер тарапынан спикерге бірнеше сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды.