Түркістан облысының Шардара ауданында Көксу елді мекені көгілдір отынмен қамтылды. Жергілікті тұрғындар күрмеулі мәселенің шешімін тапқанына дән риза. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Көрші Өзбекстан мемлекетімен шекаралас шалғайдағы шағалалы Шардара ауданында 10 ауылдық округ бар. Бүгінде сол 8 ауылдық округке қарасты елді мекендер табиғи газға қосылып, аудан бойынша газдандыру көрсеткіші 50 пайызды құраған.
Бұдан бөлек Шардара ауданының орталығы Шардара қаласын газдандыру бойынша бірқатар шағынаудандар құбыр тарту құрылысы жұмыстары кезең-кезеңімен аяқталып жатыр. Жалпы қаладағы құрылыс жұмыстары толық аяқталса ауданның 80 пайызы газдандырылатын болады.
Сонымен қатар Қауысбек Тұрысбеков ауылын 2022 жылдың аяғына дейін, ал Жаушықұм ауылын табиғи отынмен қамту жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Яғни бұл жоба аяқталса аудан толықтай 100 пайыз табиғи газбен қамтылмақ.
Халықаралық маңызы бар «Бейнеу-Бозой» магистралды газ құбырының шарапатын көрушілер қатарында шардаралықтардың да саны артып келеді. Соның ішінде көгілдір отынның келуін асыға күткен өңір жұртшылығына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында қуанышты хабар тарады. Шардара аудандағы ГРС-18 табиғи газ тарату стансасы іске қосылады. Үш елді мекенді, бес мыңнан астам отбасын сұйық отынмен толық қамтуға қауқарлы орталық ауданды толық табиғи газбен қамтамасыз етеді.