Түркістан облысының Ордабасы ауданында шаруалар алдағы қыста төрт түлігінің жем-шөбінен таршылық көрмейтін болады. Осы бағытта Ордабасы ауданы әкімдігі фермерлер одағымен екі жақты ынтымақтастық меморандумға қол қойды.
Биыл Түркістан облысының аумағында ғана емес, елімізде, Орталық азия мемлекеттерінің территорияларында жауын-шашын мөлшерінің жылдағыдан аз болуы салдарынан жаппай құрғақшылық белең алғаны баршамызға белгілі. Соның салдарынан шөлейтті облыстарда төрт түлік жайылар шөп болмай кейбір өңірде мал қырылып қалды. Оларға Түркістан облысының шаруалары вагондап жем-шөп жібергенімен өздерінде де мал азығының тапшылығы байқалған болатын. Көп шаруаның алдағы қыстан малын қалай аман алып шығуды ойлап уайымдап жүргені жасырын емес.
Жем-шөп қорын көбейтіп, аудандағы ірі кәсіпорындарды мал және құс азығымен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын басшылары мен аудан шаруалары атынан меморандум түзілді. Осы құжат негізінде Бадам ауыл округінде орналасқан «Жақсылық» шаруа қожалығы 200 гектар жүгері және 100 гектар алқапқа егілген жоңышқа дақылдарын «Бөрте-Милка» тауарлы сүт фермасына өткізуде.
Аталған шаруашылық жалпы 25 ауыл тұрғынын маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, егістік алқапты игеруде заманауи 32 бірлік (4 техника биыл сатып алынған) ауыл шаруашылығы техникаларын жұмылдыруда.
Қазіргі таңда Ордабасы ауданында жалпы 300 мың тоннаға жуық мал азығы жиналған. Алда бұл мақсаттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Осылайша қыста ірі кәсіпорындар мен шаруашылықтар жем-шөптен таршылық көрмейтін болады.