Түркістан қаласында Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының X пленарлық отырысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қауіпсіздікті және халықаралық қатынас мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл бағытта, әсіресе, Ауғанстандағы қазіргі жағдай алаңдатып отыр. Қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының қызметкерлері уақытша Алматыға көшірілді. Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы бүгінгі күні аталған елдің гуманитарлық дағдарыс алдында тұрғанына баса айтып:
-Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Алматыда халықаралық гуманитарлық - логистикалық хаб құруды ұсынамыз. Тағы бір мәселе ТүркПА-ға қатысушы мемлекеттер аясын кеңейту, - деді төраға. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы мерейтойлық отырысқа Өзбекстан Парламентінің өкілдері де қатысып отырғанына қуанышты екенін жетікізіп, қазіргі уақытта Түркмен әріптестермен де парламентаралық байланыстың нығайып келе жатқанын атап өтті. Нұрлан Нығматулин Түркі әлемінің бірлігі біздің елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтумен тікелей байланысты екеніне назар аударып, төрағалық барысында мәдениет, ғылым және білім саласындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға ерекше көңіл бөлетініне тоқталды. Мәжіліс Төрағасы отырыс барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл «Түркістан» телеарнасы ашылғанын, аз ғана уақыттың ішінде бұл телеарна заманға сай үздік техникалармен қамтамасыз етіліп, жоғары кәсіби мамандармен толыққанын айтты. - Түркістан бүкіл Түркі әлемінің «рухани Астанасы» болғандықтан, аталған телеканалды жалпы Түркі мемлекеттеріне ортақ арна жасауды ұсынамын, - деді Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, ол елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси даму жолын және парламенттер қызметін жан-жақты насихаттап, бүкіл Түркі елдеріне қажетті ақпараттық орта қалыптастыруға үлес қосатын болады.