Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай Көксу ауылын табиғи газ көзіне қосу бойынша ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, ашылу лентасын қиды. Шарада алғаш сөз алған аудан басшысы бірінші Көксу ауылының тұрғындарын құттықтап, өз ыстық лебізін білдірді.
- "Құрметті Көксу ауылының тұрғындары, ауылдарыңыздың табиғи газ көзіне қосылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн сіз бен біздің асыға күткен қуанышымыз дер едім. Өйткені, талай жылдан бері көмір мен отын жағып қиналған тұрғындар үшін көгілдір отынның берілуі үлкен жеміс деп білемін. Баршамыздың ауызбіршілігіміз бен табандылығымыздың арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Бұдан бөлек, аудан орталығына газдандыру құрылысы бойынша бірқатар шағынаудандар кезең-кезеңімен аяқталуда. Бұйырса мұнан кейін Шардара қаласындағы мөлтекаудандарды кезегімен газ көзіне қосып бастаймыз. Қымбатты жерлестер табиғи газды игіліктеріңізге пайдаланып, отбасыларыңыздан жылу мен береке арылмасын.Осындай қуанышты күндеріміз көп болсын" - деді Қ.Жолдыбай.
Қазіргі кезде Көксу ауылындағы 8236 тұрғын көгілдір отынмен қамтылып отыр. Сондай-ақ, Шардара ауданында 10 ауылдық округ және 1 қала орталығы бар. Қазіргі таңда 10 ауылдың 8 ауылы табиғи газ көзіне қосылып, аудан бойынша газдандыру жобасы 50 пайызды құрап отыр.
Ал бүгінгі күні Шардара қаласын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша кезең-кезеңімен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы құрылыс жұмыстары аяқталса ауданның 80 пайызы газдандырылатын болады. Сонымен қатар Қ.Тұрысбеков ауылын 2022 жылдың аяғына дейін, ал Жаушықұм ауылын табиғи отынмен қамту жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Яғни бұл жоба аяқталса ауданымыз толық табиғи газбен қамтылатын болады.