Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде қасиетті Тайқазанның тарихи орнына оралған күніне орай «Құт пен берекенің символы - Тайқазан» атты көрме ашылды. Көрменің мақсаты –Түркістанның құты саналатын қасиетті Тайқазанның елге оралуы жайлы деректі мәліметтермен таныстыру, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» бағытын насихаттау және ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.
Көрме экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылып, таныстырылды. Келушілердің назарын 1864 жылы Түркістанға келген орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы Тайқазанның фотосуреттері мен 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреттер, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотолар, 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқандағы және Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне алып келген мұрағаттық суреттер ерекше қызықтырды. Сонымен қатар, қорық-музейдің ұйымдастыруымен 2009-2014 жылдар аралығында жастар арасында қазақ күресінен өткізілген республикалық
«Тайқазан» турнирінің суреттері мен медалдар, мұрағаттық құжаттар да экспозициядан орын алды.
- "Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазанның тарихи отанына оралғанына 32 жыл толып отыр. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберіліп, араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тарихи отанына қайта оралған. Қасиетті жәдігеріміздің құтты тұғырына қайта орнығуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың сіңірген еңбегі зор екенін атап өткіміз келеді. Тайқазан - тұтас Түркі жұртының құты, береке мен бірлікті, ауызбіршілік пен ынтымақты танытатын символы. Сондықтан аталған күнге орай жыл сайын көрме ашылып, түрлі іс-шаралар дәстүрлі түрде өтіп отырады. Бүгін ашылған көрме бір ай бойы келушілердің назарына ұсынылады", - деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазандық бөлмесінде тұрған тарихи Тайқазан 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде әйгілі Тұран билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында құйылған. Тайқазан жеті түрлі – алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы металдарының қосындысынан тұрады.Қазанның салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3 мың литр, биіктігі – 1,62 метр, диаметрі – 2,42 метр. Тайқазанның сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөліктен тұрады. Тайқазанға Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистері жазылған.