Шымкентте тұрғын үй құрылыс көлемі артып, тұрғындарды баспанамен қамту бағытында көптеген бастама жүзеге асырылып келеді.Тіпті мұнда ипотекалық несие төлеуге табысы жетпейтін азаматтардың да баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Үй сатып алуға жағдайы жоқ бұл санаттағы тұрғындарға баспана әлеуметтік жалға алу тәртібімен беріледі. Бұл – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған тұтас бір бағдарлама. Шымкент қаласы бойынша 2010-2020 жылдары аралығында, яғни, соңғы 10 жылда кезекте тұрған 4893 азамат сатып алу құқығынсыз арендалы баспанамен қамтылған.
– Сатып алу құқығынсыз берілетін бұл жалдамалы пәтерлер тұрғын үй кезегіндегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, оның ішінде көп балалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйым қызметкерлері санатындағы азаматтарға беріледі. 2021 жылдың сәуір айында 161 азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер қолданысқа берілсе, мамыр айында өткізілген комиссия отырысының хаттамасына сәйкес, 147 азаматты пәтермен қамту туралы шешім шықты. Тамыз айында тағы 74 тұрғын жалдамалы баспананың иесі атанды. Ал алдағы уақытта 294 азаматты пәтермен қамту жоспарлануда, – дейді Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы.
Сонымен қатар 2010-2011 жылдары аралығында «Нұрлы көш» пилоттық бағдарламасы аясында көрші елдерден келген қандастарға бюджет есебінен Асар шағынауданынан 975 үй салынып, пайдалануға берілген болатын.