Үшінші мегаполисте 2021 жылдың соңына дейін ел игілігіне берілетін баспананың көлемі миллионға жетпек. Осылайша республикалық қала дәрежесіне сай, Шымкент еліміз бойынша баспана құрылысы қарқынды жүріп жатқан аймақтардың көш басында келеді. Ал 2020 жылы қаламызда 650 мың шаршы метрге жуық баспана салынған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсеткен тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылы елімізде жалпы көлемі 15 млн шаршы метр баспана ел игілігіне берілсе, биыл бұл көрсеткішті 17 млн шаршы метрге жеткізу жоспары бар.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берген жаңа бағдарламалар енгізілді. Осылайша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспана құрылысын қолдаудың жаңа тетіктері біріктірілді.
Ал 2018 жылы «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының өкілдерінің мәліметінше, соңғы үш жылда қаламызда дәл осы бағдарлама арқылы 3 609 азамат баспаналы болды.
"2019 жылы Елбасының бастамасы бойынша жеңілдік мөлшерлемесі 2% және бастапқы жарнасы 10% болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. «Нұрлы жер» бағдарламасының осы бағыты бойынша 2019-2020 жылдары 584 отбасы кредиттік негізде баспанамен қамтылған. Ал биыл бұл бағыт бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 589 азамат «Отбасы банкі» арқылы несиелік баспанаға қол жеткізеді деп күтілуде. Бұдан бөлек, 1 424 азамат «5-20-25» бағыты арқылы жеңілдетілген несиемен баспана алды. Оның ішінде 728 тұрғын баспана кезегінде тұрған. «Шаңырақ» пилоттық жобасы аясында көп қабатты 27 үй пайдалануға беріліп, үй кезегіне тіркелген 1728 азаматты пәтермен қамту жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы Азамат Рысжанов.