Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент заманауи цифрлық технологиялар трансфертін айрықша маңызды екенін айтты. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара тиімді кіріктірілуі тезірек шешімін табуы керек деген басымдық айқындалды. Бұл бағытта Шымкент қаласында геопортал жүйесін әзірлеу қолға алынған. Жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы, инженерлік желілер салалары бойынша жүйелі ақпараттық деректер қалыптастырылуда. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер толық автоматтандырылатын болады. Бұл туралы Шымкент қаласыныңәкімі М.Әйтенов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын жүзеге асыру мәселелеріне арналған қала активінің жиынында айтты.
Мемлекет басшысы отандық дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың үлесін бүгінгі 17 пайыздан 50 пайызға жеткізу межесін белгіледі. Қалада фармацевтикалық кластер дамыған. Медицина жабдықтарының өндірісі де жолға қойылған. Ал, бұқаралық спортты дамыту бойынша мегаполисте биылдан бастап шалғай елді мекендерде 115 спорт алаңшасын орналастыру бастамасы іске асырылуда. Спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Өзінің қорытынды сөзінде Мұрат Әйтенов Президент белгілеген жұмысты өз деңгейінде атқаруға барлық мүмкіндіктер бар екенін айтып, бұл міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Қала басшысы мегаполис экономикасының дамуына оң әсерін тигізетін саяси құжатта айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін өзінің орынбасарлары мен салалық басқармаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Қала активінің отырысында қалалық мәслихат депутаты, ардагерлер кеңесінің төрағасы, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы мен қоғамдық ұйым өкілдері Жолдаудағы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға қатысты пікірлерін білдірді.
Жиынға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер,қалалық мәслихат депутаттары, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері мен басқармалардың басшылары,жастар және БАҚ өкілдері қатысты.