Бүгінде мал шаруашылығы саласында санға емес сапаға мән беріле бастады. Мал тұқымын асылдандырып, дәстүрлі шаруашылықтан заманауи мал бағу тәсіліне көшкен шаруа қожалық иелерінің табысы еселеніп, әлеуеті арта түсуде.
Міне, сондай іскер шаруашылықтың бірі – Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылдық округіндегі «Сералы» шаруа қожалығы.
Асыл тұқымды «Ордабасы» қойын өсіріп, алыс-жақын шетелге танылып үлгерген кәсіпкердің ісі көпке үлгі.
Кеуделі, тұрпаты биік Шопан ата түлігінің басқа қылшықты қойлардан ерекшелігі, таза етті бірнеше есе артық береді.
Өңір ғалымдарының 21 жылдық еңбегінің жемісі саналған қой тұқымының бір аталығының басы 120 келіге дейін ет береді. Бүгінде ел аумағына таралған ет бағытындағы аталмыш қой тұқымына көрші мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр.
Себебі, жаңа тұқымды қойлар ыстық пен суыққа төзімді, шөлге шыдамды. Жүні мен майы аз, еті мол. Төрт айлық қозысының орташа салмағы 40 келі тартады. Ірі, сақа саулықтардікі 70-90, ал қошқарларының салмағы шамамен 95-тен 120 келіге дейін жетеді.
Еттілігіне байланысты мұндай қой тұқымы қазірдің өзінде аса өтімді. Қазақы қойдың тағы бір ерекшелігі - барлық жердің табиғатына тез бейімделеді. Жер таңдамайды, жылдам жетіліп, тез қоңданады.