Ордабасы ауданында «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Жастар практикасы» арқылы жастарды жұмыспен қамту қарқынды жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаның жемісін көрген жастардың бірі – Пінжабай Оразкүл Құрашбекқызы. Бұл туралы Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол биыл Елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «Аграрлық техника» мамандығы бойынша диплом алған. Жас маман оқу бітірген соң аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелді. Кейінен орталық мамандары жас маманға «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысуды ұсынып, нәтижесінде осы жылдың тамыз айында аталған бағдарламамен аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне 6 ай мерзімге жұмысқа жолдама алды.
«Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы бөліміне жолдама алдым. Осы жердегі білікті мамандардың тапсырмаларын орындап, тәжірибе жинақтаудамын. Алдағы уақытта білімім мен жинаған тәжірибемнің арқасында тұрақты жұмысқа орналассам деген мақсатым бар», - дейді жас маман.
Жалпы «Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болса да жас мамандар үшін тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік алаңы.
Аталған бағдарламаға 29 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде (2019, 2020, 2021ж) оқу бітірген жоғарғы оқу орындары мен колледждердің түлектері қатыса алады. Жалақысы 25 АЕК (72 925 тг) құрайды. Бұл бағдарламаға тек бір рет қатысуға болады.
Ордабасы ауданында жыл соңына дейін «Жастар практикасымен» 200 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, жыл басынан бері 160-қа жуық ордабасылық жастар аталған бағдарламамен түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолдама алған.