Карантин талаптарын сақтау індетпен күресудің тиімді жолы. Бұл әсіресе індетке қатысты жағдай күрделеніп тұрған кезде өте маңызды.
Сарыағаш ауданы әкімдігі жанынан карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильді топтар кезекті рейд жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімінің орынбасары Н.Талипов бастаған мобильді топ кезекті тексеріс барысында Құркелес ауылдық округі, Ақ үй елді мекеніндегі «Нұр Шашу» және Қабланбек ауылдық округінде орналасқан «Думан» мейрамханаларында той- жиындар өткізіліп жатқанын анықтады. Мобильді топ мүшелерімен жиынға келген қонақтарға адамдар көп жиналатын орындарға бармаужәне той-жиындарға қатыспау қажеттігі ескертіліп, жиынға келгендер тарқатылды. Түркістан облысы Бас санитариялық дәрігерінің 23.07.2021 жылғы №17 қаулысының талаптарын бұзу фактілері бойынша тойхана иелеріне тиісті хаттамалар толтырылып, заңды шешім қабылдау үшін аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.
-Қазіргі таңда елімізде пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай барлығымызға белгілі. Жағдайдың тұрақталуы үшін індетпен бірлесіп күресуіміз қажет. Өзіміздің және жақындарымыздың амандығы үшін БАҚ құралдары, сала мамандары тарапынан беріліп жатқан ескертулерге құлақ асып, енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға шақырамыз,-делінген аудан әкімдігінің тұрғындарға арнаған үндеуінде.