Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековті қабылдап, алты айда атқарған жұмыстарының есебін тыңдады. Басқарма басшысы өз баяндамасында Шымкент қаласында ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 17,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3095 млн. теңгеге артқанын айтты. Нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрағанын жеткізді.
Жасыл желекті шаһарымызда биылғы жылы 29,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілген. Оның ішінде дәнді дақыл 12,9 мың гектарға, майлы дақыл 3,8 мың га, мал азығы 8,9 мың га, көкөніс пен бақша 3 мың га, картоп 0,7 мың гектарға егілген екен. Нәтижесінде 11,2 мың тонна дәнді дақыл, 0,8 мың тонна майлы дақыл, 33,2 мың тонна көкөніс, 3,1 мың тонна картоп, 12 мың тонна мал азықтық дақылдар яғни барлығы 60,3 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған.
Өз кезінде қала әкімі нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту қажет екенін айтты. Есепті жиын соңында Мұрат Әйтенов ауыл шаруашылығы саласына берілетін қолдауларды, "Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған" және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» секілді мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, қызушылық танытқан шаруалардың жобаларын жүзеге асыруда белсенділік танытуды тапсырды.