Мегаполисте ауыз су мәселесі әліде өзекті. Қазіргі таңда қалада 81 елді мекеннің 5-і кестемен, 7-еуі суды тасып ішеді. Қалған 69 елді мекен сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Аталмыш көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін ауқымды шаруалар атқарылуда. Бұл туралы Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков баспасөз брифингінде баяндады.
Биыл аталған елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы 3 магистралды суаққы, тасымалды 7 елді мекен және кестемен 2 елді мекеннің құрылысы аяқталып, 25,6 мың адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде, қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан 98 пайызға өседі. Тасымалды 7 елді мекенді біз толық бітіреміз биыл. Кестемен ішетін 5 елді мекеннің біреуі Қайнарбұлақ жобалық смета жасап жатырмыз", – деді басқарма басшысы.
Қаратау ауданы бойынша 3 магистралды суаққының және 3 шағын ауданда Тұран, Асар-2, Нұртас, Әл-Фараби ауданы бойынша 2 шағын ауданда Сәуле, Ақтас, Абай ауданы бойынша 6 шағын ауданда Ынтымақ-2, Батыс-Жаңатұрлан, Жаңаталап, Солтүстік саяжай, Құрсай 1, Құрсай 2 ішкі ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, осы жылы Қаратау мен Әл-Фараби аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал жыл қорытындысымен Абай ауданындағы 5 шағын ауданда құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілсе, Құрсай 1 этап, Құрсай 2 –де құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі болмақ.