Шымкент қаласында ауыл шаруашылық саласында биыл құны 9 млрд. теңгеге 1500 жұмыс орнымен 25 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде жылы жай салу, 241 гектар қарқынды бау, көкөністі қайта өңдейтін зауыт, құс фермаларының қуаттылығын арттыру, мал бордақылайтын орын мен сүт фермасы және балық шаруашылығын дамыту қолға алынды. Бұл туралы Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков қалас әкімі Мұрат Әйтеновке берген алты айлық есебінде мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша бүгінге құны 5,2 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылып, нәтижесінде 208 жаңа жұмыс орны ашылған. Қалған жобалар жылдың соңына дейін ашылатын болады. Нәтижесінде жалпы өнімнің көлемі 37 млрд. теңгені құрап, еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 3 млн теңгеге жетеді. Өсімі 108,5% құрайды.
Ауыл шаруашылығын қолдайтын мемлеккттік бағдарламалардың нәтижесінде Шымкент қаласында биылғы жылдың алты айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 17,2 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір артқан. Осы уақыт ішінде 8,7 мың тоннадан астам ет, 26,3 тонна сүт және 77,7 млн. дана жұмыртқа өндірілді.Есепті кезеңде ірі қара мал саны 82,8 мың басты, қой мен ешкі саны 113 мың басты, жылқы 14,8 мың басты, құс 975,6 мың басты құрап отыр.