Түркістан қаласында, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік музей-қорығында "Теріскей толғаулары" атты кітаптың шығуына орай кездесу іс-шарасы өтті. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігі хабарлады.
Жанғали Жүзбаевтың жаңа кітабында Сүгір Әліұлының күйлері, теріскейдегі Сүгір мектебінің өкілдері - Жаппас Қаламбаев, Төлеген Мрмбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмізов, Ергентай Борсабаев, Атабек Асылбеков, Көбдік Кәрбозов, Қалы Барқиев, ағайынды Сейітхан, Әлімхан Әлімбеков, Боранқұл Қошмағамбетовтың және тағы басқалардың күйлері жинақталған. Кітап "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қолдауымен жарыққа шықты. Автордың өзінің қатысуымен өткен жиында кітаптың таныстырылымы мен тұсаукесері өтті. Іс-шараға ауданнан орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Сабыр Батырбеков пен А.Жұбанов атындағы Созақ балалар саз мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Ерғали Жүзбаев арнайы барып қатысты.
Қай ұлтқа, қай халыққа болса да сол ұлтпен, халықпен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан киелі мұралары қымбат. Қазақ халқы үшін сондай құнды, бағалы мұралардың бірі – күй. Күй өнері — шексіз өнер. Күйдің өз тыңдаушысы, оны жанымен ұғып бағалайтын өнер сүйер кауымы баршылық және олардың көкжиегі кеңейе түсуде. Күй - біздің мәдинетіміз бен тарихымыз. Сондықтан да қазіргі заманда жастардың бойына осы рухани байлығымызды жеткізе білу күйшілердің парызы бола бермек.