Жуырда Түркістан облысына қарасты Төле би ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аймағында «Jas Otan» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумы өткен болатын. Бес күнге созылған жиында жастар түрлі бағытта біліктілігін арттырып, елге белгілі тұлғалармен тәжірибе алмасты. Осыған дейін мұндай форумдардың ұйымдастырылғаны рас, әйтсе де халықаралық деңгейдегі жастардың саяси біліктілігі мен тәжірибесін үштастырған жиын елімізде алғаш рет өтті. Әр өңірден шыққан белсенді жасотандықтар мен 6 мемлекеттен келген жастар бір алаңда бас қосты. Барлығының да өз идеясы, ұстанымы бар. Көрген-білгендерін ортаға салу арқылы әркім өз тәжірибесін шыңдады. Бастысы – халықаралық деңгейде өткен форум елдердің келешектегі достық қарым-қатынасын жақсартуға ықпал ететіні даусыз.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған форумға “ Visit Shymkent “ ақпараттық орталығының қызметкерлері де қатысты. Олар қонақтарға Шымқаланың тарихынан сыр шертіп, шаһардың туристік әлеуетінің зор екенін, қонақтарға жайлы екенін айтты. Сондай-ақ туризмді дамыту мақсатында атқарыоып жатқан шаруалар мен жаңа жобаларды таныстырды.
Форумның қорытынды кешіне «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы келіп қатысты. Шетелдік жастар ұйымының өкілдеріне жеке-жеке алғыс айтқан ол жастардың қоғамдағы рөлі ерекше екеніне тоқталды. Сонымен қатар қазіргі күрделі кезеңдегі мәселелерді тілге тиек етіп, жастарға бағыт-бағдар беруде осындай форумдардың көптеп ұйымдастырылуы қажет екенін жеткізді. Осы жайларды ескере келе, партия Төрағасының Бірінші орынбасары жастарға сәттілік тіледі.
Форумға белсене қатысқан “ Visit Shymkent “ ақпараттық орталығының қызметкерлері марапатталды.