Шымкенттегі ескі қалашықта орналасқан этноауыл аумағында қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен «Бес қару» атты авторлық этно-фест өтіп жатыр.
Батырлар институтын қалыптастыру мен насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған этно-фестті қала тұрғындары мен қонақтары үш күн бойы тамашалай алады (25-26-27 қазан күндері).
Келушілер этно-фест барысында «Оңтүстік Қазақстан суретші жастары» бірлестігінің өкілдері ұсынған «Бес қару» экспозициясының сахналық көріністерін тамашалап, жыршылардың орындауындағы батырлар жырын тыңдайды.
Сондай-ақ, жасөспірімдерді батырлық қасиетке тәрбиелейтін ойын түрлері ұйымдастырылып, каскадерлар семсерлесуден жауынгерлік шеберлік пен өнерден, бес қару түрлерін пайдаланудан шеберлік сағатын өткізеді.
Айта кетейік, қазақ сарбазының соғыс қаруы негізінен бес түрге бөлінеді. Бұл олардың бірін-бірі ауыстыра алмайтын тек өзіндік жеке қызметіне байланысты. Ату үшін – садақ, түйреу үшін – найза, кесу үшін – қылыш, шабу үшін – айбалта және соққы қаруы – шоқпар.
Іс-шара аясында Батырлар институты тақырыбын кеңінен талқыланатын арнайы семинар да өтпек. Онда этнофестивальге арнайы келген еліміздің танымал тарихшылары, этнолог ғалымдары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Қызылорда қалаларының және көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің жыршылары қатысады.