Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Ә.Әбдіраханов қала әкімдігінің «Инстаграм» парақшасында өткен тікелей эфирде қала аумағын мобильді байланыс және талшықты оптика желісімен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын айтып өтті.
Қала аумағын және қаладан шалғай орналасқан елдімекендер мен тұрғын алаптарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары 3 кезеңге бөлінген болатын.
Биыл интернетпен қамтамасыз етудің 2-кезеңіне сәйкес, 14 жер анықталып, 8 аумаққа жеке инвестор есебінен орнату келісілген болатын. Бүгінде жеке инвестор есебінен 6 аумаққа (Ынтымақ-2,Тассай, Қайнарбұлақ, Құрсай, Аэропорт маңы, № 87 мектеп маңы) антенна-матчталық құрылғы орнатылып, электр энергиясын тарту жұмыстары жүргізілуде. Қалған 2 жерге (А-2 тас жолы, Р-32 тас жолы) антенна-матчталық құрылғыны орнату үшін жерді қазу және бетон құю жұмыстары жасалынуда.
Ал коммерциялық нысанға орнатылуы қажет 6 аумақта (Асар, Забадам, Абдулабад, Самал-3, Нұртас, Құрсай) базалық станцияның барлығы іске қосылды. Жыл соңына дейін қалған 8 базалық станция іске қосылатын болса, шалғай елдімекендердегі 147 000 тұрғын сапалы интернетпен қамтылып, жалпы көрсеткіш 91 %-ы құрайтын болады.
Болашақта бүкіл қала аумағын 100 % сапалы интернетпен қамту жоспарлануда. Биыл 4 ауданға қарасты 110 шағынаудан мен тұрғын алаптардың тізімі жинақталып, оларға басқарма мамандары Өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесе интернет сапасына толық талдау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде интернет сапасы төмен 22 елдімекен анықталып, оларды сапалы интернетпен қамту үшін жол картасы әзірленді.
Сонымен қатар, қаладан шалғай орналасқан тұрғын алаптар мен шағынаудандарды оптикалық желі арқылы интернетпен қамту жұмыстары жоспарланған. Бүгінде интернет сапасы төмен 30 тұрғын алапқа оптикалық желі арқылы интернетпен қамтамасыз ету үшін жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізілді.
Басқарма басшысы эфир барысында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.