Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді.
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасының Шымкент қаласында орындалу барысымен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтенов таныстырды.
«2025 жылға дейін жоспарланған 475 индикатордың 23%-і орындалды. Қалада 398 мың шаршы метр тұрғын үй, 5 медициналық мекеме мен 115 спорт алаңы қолданысқа берілді. 250 мың адамды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында «Бозарық» электр қосалқы станциясы салынды. Газ тарату станциясының құрылысы аяқталуда, ол 5 шалғай елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады. 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды» - деді өз сөзінде қала әкімі.
Сайлауалды бағдарламада білім беру саласы басты назарда екені белгілі. Шымкентте таяудағы 5 жылда 66 мектепті салу және жөндеу жоспарланса, биылдың өзінде 25 оқу орны салынды.
Осы ретте Бауыржан Қыдарғалиұлы № 79 жаңа мектепте педагогтер ұжымымен кездесті. Партияның сайлауалды уәделерін іске асыру аясында педагогтердің еңбекақысы 2024 жылға қарай 2 есе көбейіп, орташа алғанда 330 мың теңгеден асатынын да жеткізді.
Партия жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға ерекше назар аударады. Сондықтан Шымкентте кәсіпкерлікті жаңадан бастаушыларға, ең алдымен жастар мен әйелдерге қолдау көрсететін онлайн-орталық ашқан «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесу өтті.
Сапар соңында қалалық Саяси кеңес Бюросы мен Қоғамдық кеңес төрағаларымен бірге Түркістан және Қызылорда облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысын онлайн-форматта тыңдады.
Филиалдар басшылығы мен мәслихаттардағы фракциялардың назарын жыл соңына дейін орындалмай қалу қаупі бар жекелеген тармақтарды жіті қадағалап, сондай-ақ осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.