Ел экономикасының дамуының негізгі факторы – инвестициялық белсенділік. Шымкент қаласы соңғы 30 жылда инвестициялық тартымды қалаға айналды. Статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік алған жылдардан бері шаһарға 2,5 трлн. теңге инвестиция тартылса, шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 2,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 жоба жүзеге асқан.
Осы ретте бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев Татарстанның сауда-өнеркәсіптік палатасы делегацияларымен бизнес кездесу өткізді. Аталған жиын Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты күшейту, екі елдің іскерлік серіктестері арасындағы байланыстарды нығайту және инвестициялық жобаларды таныстыру мақсат еткен.
Татарстандық делегаттарға қаламыздағы Индустриалды аймақтар және «Оңтүстік» АЭА, «Shymkent invest» орталығындағы мүмкіндіктер таныстырылды. А. Сәттібаев кездесу барысында татарстандық делегаттарға Шымкенттің жоғары әлеуетін таныстыра келе татарстандық кәсіпкерлерді қалаға инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Айта кетейік, инвестиция өсімі бойынша Шымкент өткен жылы республикада екінші орынға жайғасқан болатын. Президенттің инвесторлардың пулын жасақтау бойынша 2020-2025 жылдар аралығында құны 1,4 трлн теңгені құрайтын 157 инвестициялық жобаның базасы әзірленді. Оның ішінде былтыр шетел инвесторларының қатысуымен 13,1 млрд теңгеге 5 жоба іске асырылды. 350 жаңа жұмыс орны ашылған болатын.