Еңбек ептілікті қажет етеді. Расында еңбек еткен адамның алар несібесі де молынан болмақ. Әсіресе ауыл шаруашылығының әрбір саласын қолға алған азамат үшін де үлкен мүмкіндік.
Осы негізде, Ордабасы ауданы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру, халықты жұмыспен қамту мақсатында үй іргелік жерлерге жылыжай шаруашылықтарын салу және шағын мал бордақылау алаңдарын дамыту мақсатында көшпелі семинар кеңес өтті.
Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жиынға облыстық ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері, 10 ауылдық округ әкімдері мен диқандар қатысты.
Семинар қатысушылары Қараспан ауылдық округіндегі «Сауленбаев Н» мал бордақылау алаңы, ЖК «Алтыбаев Ж» егістік алаңы, «Әбдіхалық А» ЖК үй іргелік жылыжай алаңының тәжірибесімен танысты.
Әуелі олар ЖК «Алтыбаев Ж» егістік алаңына бас бұрды. Биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты елдегі қуаңшылық салдарынан шаруашылыққа қажетті ағын су тапшылығы байқалды.
Дегенмен бұл жағдайдан дер кезінде қортынды шығарған қараспандық шаруалар тамшылатып суару әдісі арқылы табыс көзін еселей түсуде.
Міне сондай еңбекқор шаруаның бірі – Жеңіс Алтыбаев.
Қазіргі таңда бір гектар аумаққа қызанақ еккен диқан 100 тонна өнім алуда көздеп отыр. Қызанақ алқабына суды, оған қоса өнімді зиянкестерден қорғайтын дәрілерді арнайы құбырлар арқылы үнемдеп жеткізіп, артық шығыннан арылуда.
Сондай-ақ, ізденімпаз азамат күннің суытуына байланысты өнімді үсікке ұрындырмау мақсатында қызанақ алқабын суықтан қорғайтын жамылғымен жауып үлгерген.