Бүгінде елімізде 2018-2022 жылдарға арналған «ҚР Ұлттық экспорттық стратегиясы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бұл бағдарлама еліміздің экономикасын деверсификациялау арқылы шикізаттық емес тауарлардың экспортын 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге дейін өсіруді және 31,8 млрд. АҚШ долларына жеткізуді көздейді. Атқарылып жатқан шараларға қарамастан 2015 жылдан бері елдегі шикізаттық емес тауарлардың экспорты бар-жоғы 12,7 пайызға ғана өскен. Оның үстіне бүкіл әлемді жайлаған пандемия өнеркәсіп саласына да салқынын тигізгені жасырын емес. Осыны ескерген Үкімет өткен жылдан бастап отандық экспортерлерге көрсетілетін қолдауды күшейте түсті.
— «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарлама аясында экспорттаушыларға көмек көресту бойынша келісімдерге қол қойды. Бағдарламада өңделген тауарларды шығарумен айналысатын индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне шығындарды өтеу қарастырылған. Жарнамалық өнім, шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелер мен фестивальдарға қатысуға, сондай-ақ жарнамалық каталогтарды әзірлеуге және таратуға байланысты шығындар өтелуде. Сонымен қатар тауарды шетелдік нарыққа жеткізуге кететін транспорттық шығындардың, шетелдердегі өкілдікті, сауда нүктесін немесе қойманы ұстауға, тауар белгілерін тіркеу мен өнімді сертификаттау жөніндегі рәсімдерді жүргізуге арналған шығындардың бір бөлігі мемлекеттің есебінен өтеледі. Кәсіпкерлердің өтінімдерін жұмыс тобы мен ведомствоаралық комиссия қарайды, соның негізінде кәсіпкермен қаражат аудару туралы келісім жасалады. Мұнан бөлек «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Қазақстанның сыртқы сауда палатасының еншілес ұйымы жұмыс істейді. Оның міндеті – сыртқы экономикалық салада қазақстандық бизнестің мүдделерін қорғау, – дейді Шымкент қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.
Бүгінде Шымкентте белсенді жұмыс істейтін 35 экспортер-кәсіпорын бар. Соның 29-ы мемлекеттік қолдаудың жоғарыда айтылған түріне өтінім берген. Оның қатарында «Ferrum-Vtor», «Шымкент темір» «Pioneer Grain Produkt», «Grain House-555», «Turan Skin», «Қайнар» және «Каз Мед Пром» жауапкершілігі секілді ірі әрі табысты компаниялар да бар.
Осылайша, Шымкенттің экспорттық әлеуеті жан-жақты мемлекеттік қолдаудың және жергілікті кәсіпкерлердің тынымсыз ізденісі мен алға ұмтылуының нәтижесінде жылдан жылға артып келеді. Шымкент қаласының сыртқы сауда айналымы, соның ішінде қаладан экспортталатын өнім көлемі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге артқан.