Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған Жолдауында моноқалалардағы тыныс - тіршілікті одан әрі жандандыруға қатысты жан-жақты ойластырылған шешімдер қажет екендігін айтты.
Бүгін де еліміздегі өндіріс орындарының басым көпшілігі моноқалаларда орналасқан. Олардың жұмыс жүйесін заман талабына бейімдеп, өндіріс қуаттылығын арттыру қажет. Мәселен, Кентау қаласында орналасқан Кентау трансформатор зауыты еліміздегі көшбасшы кәсіпорынға айналды.
Қалада пластикалық құбыр шығаратын цех жұмысы қарқын алды. Онда жергілікті 30-дан аса тұрғын жұмыспен қамтылып отыр. Биыл «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС «Күн электростанциясын құру» бойынша 3 жобаны іске асырды. Ал, қазан айында «Бетон бұйымдарын өндіру жобасы» іске қосылмақ. Сондай-ақ, индустриалды аймақта 2025 жылға дейін жүзеге асатын бірнеше жобалар бар. Оның 3-уі жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.
--- Мұның баршасы да Кентаудың өндірістік қуаттылығын арттырады. Яғни, Кентау облыс орталығының жанындағы өндірісі дамыған қалаға айналуы тиіс. Біздегі басты мақсатта осы. Бұл бағытта Мемлекет басшысының жолдауы жолбасшымыз болады. Жалпы, Кентау қаласында бұрын кең байыту саласы қатты дамыған болатын. Заман талабына сай бұл бағыт бойынша жұмыстар тоқтады. Алайда, өмір жалғасады. Сондықтан, біз Кентаудың экономикасын әртарапты дамытуды қолға алып отырмыз – дейді қала әкімі Д.Махажанов.