Туризмді дамытуда инфрақұрылымның алар орны ерекше екені анық. Бұл орайда үшінші мегаполисте жаңадан салынған, жөндеуден өткен жолдар шақырымы арта түсуде. Мысалы, соңғы үш жылда 850 шақырымнан астам жол төселді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің ішкі байланысын жақсартуда көлік инфрақұрылымына қатысты нақты тапсырмалар жүктегені мәлім. Қала әкімдігі автомобиль жолдары экономиканың маңызды секторы екенін, жол сапасын арттыруда нақты көрсеткіштер белгілеп, іске асыруда. Бүгінде Шымкент қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы – 3247 шақырым. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін биыл 63,6 пайызға жеткізу жоспарланған. Республикалық қала мәртебесін алған 2018 жылы бұл көрсеткіш 53 пайызды құраған болатын. Қала әкімі Мұрат Әйтенов осы жылдар ішінде көлік жолдарының сапасын арттыруға айрықша мән беріліп, салаға бөлінген қаражат пен жұмыс көлемі еселеп артқанын мәлімдеді. Мысалы, 2018 жылы 4,1 млрд теңге қаралып, 222,6 шақырым болатын 112 нысанда жол құрылысы, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2020 жылы 416,8 шақырым болатын 261 жол нысаны қамтылып, 21,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Биыл 311,3 шақырым болатын 182 жол нысандарында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізуге 34,8 млрд теңге қаралды. Оның ішінде ауқымды жобалар – А-2 айналма жолының кезеңдік жұмыстары, Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы, Қонаев-Рысқұлов көшесінде жолайрық құрылыстары қамтылған. Биылғы жоспар бойынша қала аудандарында 71 көше күрделі жөндеуден өткізіліп отырса, 9 магистралды және 151 ішкі орамдық көшелер орташа жөндеуден өтеді. Жыл соңына дейін 270 шақырымнан асатын 169 нысан пайдалануға берілмек. Шағал тас төсеу жұмыстары 157 шақырымдық 277 көшеде жоспарланып, атқарылуда. Жерасты инфрақұрылым желілері тартылған аумақтардың жолдарына тас төсеу үшін қосымша 500 млн теңге қарастырылған.
Қалаға келуші қонақтарға жайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған істердің тағы бірі – ірі көшелерінің қиылысы мен туристік нысандарында орнатылған ақпараттық навигациялық стеллалар. Аумаққа жақын орналасқан мәдени орындар, тамақтану және қонақүйлер, демалыс аймағы туралы жан-жақты мағлұмат беретін ақпараттық тақтайшалар уақытты тиімді пайдалануға және қалаға алғаш келушілердің нысандармен жылдам танысып алуына мүмкіндік береді. Жалпы, шаһарда ақпараттық қолжетімділікті арттыру аясында 33 туристік нысанда QR-төлқұжаттар, көрікті орындарға бағыттайтын 29 навигациялық стелла орналастырылған. Онда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат берілген.