Түркістан қаласы тұрғын үйлерін табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қала әкімдігінен құрылған арнайы жұмысшы топ мүшелері шаһарда орналасқан газ құбыры жүргізілген үйлердің газбен қамтылуын қадағалауда.
Қазіргі таңдағы көрсеткіш бойынша облыс орталығының газ қолданушылар саны артып, 74,8% құрады. Оның ішінде жеке тұрғын үйлердің - 85,8%, көпқабатты тұрғын үйлердің - 68,2% көгілдір отын пайдалануда. Сонымен бірге, әлеуметтік нысандардың - 59,4%, кәсіпкерлік нысандардың - 85,7% газбен қамтамасыз етілген.
Ал, Сайрам ауданындағы 42 елдімекеннің 26-сы табиғи газбен қамтылған. Бүгін тағы бес елдімекенге көгілдір отын берілді. Енді Қасымбек датқа, Әсіларық, Ошақты, Оразалиев, Теспе ауылдарының тұрғындары газ пайдалануға мүмкіндік алды.
Аудан әкімдігі мен «Интергаз Орталық Азия» АҚ Шымкент филиалы арасында 7,9 млн.теңгеге газ жүйелеріне техникалық қызмет көрсету үшін келісім-шарт түзілді. Жыл соңында елдімекендерді табиғи газбен қамту көрсеткішін 74%-ға жеткізу көзделуде. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді.
Сондай-ақ, аудандағы 10-ға жуық елдімекенді газдандыруға облыстық бюджеттен 1,1 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Құтарыс, Қызылжар, Таскешу, Ақсуабад, Тоған, Оймауыт пен Ақарыс, Сарыарық, Көлкент ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары 2022-2023 жылдарға өтпелі.