Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев туристерді оңтүстіктің күзгі туристік маусымына шақырды. Бұл туралы өңір басшысы Қожа Ахмет Ясауидың құрметіне арнап тұрғызылған кесене жарықшамдарын жағу салтанатына жиылған жұрттың алдында айтты. Облыс басшысы сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңын жарықтандыру жобасының қалай жүргізілгенін айтып, жиылған жұртты құттықтады.
– Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи Жарлығы Түркістанның жаңа тынысын ашты. Шаһар жаңа кейіпке еніп келеді. Сол игі істің біріне куә болып тұрмыз. Зиярат ету орындарын жарықтандыру тәжірибесі Мекке Мәдинадағы Қағбада, Ыстамбұлдағы Айя София мешітінде және Самарқандағы Регистанда бұрыннан қолданылып келеді. Біз осы тарихи орындардың үлгісін пайдалануды жөн көрдік. Күллі түркі жұрты арнайы келіп, тәу етер орынға жарық беру жұмыстарының аяқталуына орай, біз оңтүстіктің күзгі туристік маусымын ашық деп жариялаймын. Туризм саласын үздіксіз дамыту арқылы біз 2025 жылы туристер ағыны мен келушілер санын екі жарым млн. адамға арттыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша шамшырағы қайта жанған шаһардың жаңа мыңжылдықтағы шежіресі қайта жазылуда, – деді Өмірзақ Естайұлы.
Тарихи ескерткішті жарықтандыру үшін 1200 метр электр сым қолданылып, 229 түрлі-түсті шам бүгін салтанатты түрде жағылды. Бірегей жобаны жүзеге асыру кезінде тарихи ескерткіштің әрбір бөлшегін сақтау талап етілді.
Түркі жұртының тарихи астанасы, рухани орталығы болған Түркістан бүгінде Қазақстанда Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі ауқымды құрылыстар алаңына айналған қала.