Түркістан облысында іске асырылып жатқан ірі су нысандарының құрылысы толық аяқталғанда ағын су тапшылығы толығымен жойылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен өңірді ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған жиында айтылды. Осы мақсатта облыс аумағында ауқымды жұмыстар жасалуда.
Үкімет қаулысымен облыстағы 5 су нысаны, атап айтқанда «Бөген» су қоймасы, «Қосқорған» су қоймасы, «Түркістан» магистралды каналы, «Арыс» магистралды каналы және «Қараспан» магистралды каналы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бұйрығымен «Қараспан» су торабы республикалық меншіктен облыстық меншікке қабылданды. Оларды күтіп ұстау мақсатында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекемеде жаңадан 200-ге жуық штаттық бірлік жұмыс орны ашылып, 30-дан астам арнайы техникамен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде Түркістан өңіріндегі су нысандарын бір жерден басқару жүйесі жүзеге асырылып, вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығының алдын алуға негіз болды.
Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында ағын су тапшылығын жою мақсатында ірі су нысандары құрылысын жүргізуге басымдылық берілді.
Түркістан қаласының ішкі жүйелері мен жасыл аймақты, шаһар айналасына құрылған «Азық-түлік» белдеуін ағын сумен қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыс орталығында бірнеше жасанды көл салынып, есу каналының құрылысы жүргізілуде. Жалпы алғанда, 80 млн. текше метр шамасында суды қажет етеді.