Шөкеев Түркістанның «Жасыл белдеуінде» болды

12.jpg

Түркістан қаласы көгалдандыру мен абаттандыру үшін 32 секторға бөлініп, әр сектор аудандық, қалалық әкімдіктерге, мекемелерге берілгені белгілі.  Сектор жұмысына жауапы азаматтың бірі, Отырар ауданы Талапты ауыл округі әкімі аппаратының қызметкері Дәурен Партаев Түркістанды түлетуге үлес қосып жүргеніне қуанышты.

«Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасы бойынша, Отырар ауданы әкімдігі жауапты сектордағы Құлыншақ ақын көшесінің тазалық, көріктендіру, көгалдандыру жұмыстарымен айналасып жатырмыз. Керемет өзгерістерді көрдік. Қаланың болашағы жарқын», – дейді отаншыл азамат.

Жуырда «Жасыл белдеуге» тағы да барып, бақылаудан өткізген облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы егілген көшеттердің уақтылы суғарылуына аса мән берілуі керектігін, сонда ғана іс нәтиже беретінін айтты. Ұрпақ үшін пайдалы бұл бастама үздіксіз жүзеге асырыла беретінін жеткізіп, азаматтарға жұмысты жанашырлықпен, сергектікпен атқаруды тапсырды.

Шаһардағы жағымды өзгерістерді Түркістан қаласының тұрғыны Әшім Алдабергенов жоғары бағалайды.

«Бұрынғыға қарағанда бұл жерде көп өзгеріс болып жатыр. Көгалдандыру, тазалық, абаттандыру жұмыстары өте жақсы. Облыс болғалы осындай жақсылықтарға куә болудамыз. Бұрын бұл «Жасыл белдеу» мен жаңа шағынауданның орны дала-тұғын. Даланы көркейтіп, жағдай жасап жатқан үкіметке рахмет», – дейді тұрғын.

Түркістанның тумасы, қала париоты Баян Бұлдырықова «Қазір туристер де көп келіп жатыр. Оның бәрі адамды қуантады. Мемлекет басшылығына, әкімшілікке ризашылығымды білдіремін. Қазір қалада мәдениет жоғарылап келеді. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары арқылы Түркістанның экологиясы жақсара түсетініне сенімдімін», – дейді.

Айта кетейік, биыл ҚР Үкіметі Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. 123 нысанның құрылысы аяқталды. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі аясында 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады. Бұл қолдау мен жоспарлар Түркістанды Орта Азиядағы ең көрікті шаһарлардың біріне айналдыруға серпін беретіні сөзсіз.

Әсіресе, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды. Жан жадыратар жаңалықтар мен көз қуантатын өзгерістерді ел қазірдің өзінде сезіп-біліп отыр. Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әйелдер аяқ киімі шығарылмақ
  • Кәсіпорын ұлғайтылмақ
  • Арнайы киімдерге сұраныс жоғары
  • Қағаз және картон өндіретін кәсіпорын ашылады
  • Балалар аналарына хат жазды