Түркістан облысы Жетісай ауданының шаруалары мақта терімді бастап кетті. Шаруалар биыл мақта өнімділігі жақсы болғанын айтады. Мақта шаруашылығымен тұрақты түрде айналысатын шаруаның бірі – Шолпанқұдық елді мекеніндегі «Нұрғиса» шаруа қожалығының иесі Нұрғиса Сейілбеков. Ол биыл 5 гектар жерге мақта тұқымын сепкен.
- «Ауыл адамдары мақтаның әрбір келісін 20 теңгеден теріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей мақта өзге дақылдар сияқты екі-үш айда өнім бермейді. Ұзақ уақыт пісетін өнім болғандықтан күтімді де көп жасаймыз. Осындай бейнеті көп шаруашылыққа қолайлы жағдай жасап, су мәселесін шешіп берген аудан басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Егістік алқапты уақытылы суғарып отырдық. Мақтаның көсек құрттары аздап әбігерге салғаны болмаса, басқа мәселе болған жоқ. Өнім әзірге жаман емес. Бастысы мақта бағасы жоғары болып шаруалардың еңбектері жанса екен», – деді «Нұрғиса» шаруа қожалығының иесі Нұрғиса Сейілбеков.
Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 44 мыңнан астам жерге мақта егілген. Мақта жинау науқанына деп 200-ден астам комбайн дайындалған. Ал, шаруалар 35 мың гектардан аса жерге мақта шитін сепкен Мақтарал ауданында мақта терім науқаны үшін 567 трактор, 850 дана тіркеме және 162 дана мақта терім машинасы дайындалған. Жоспар бойынша мақтаның 70 пайызы техниканың күшімен теріледі.
Мақтарал ауданында 8 мақта өңдейтін зауыт пен 64 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Ал, шаруаларға көмек ретінде мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен тиісті деңгейде жанар жағармай босатылуда.