Түркістан облысы Түлкібас ауданында екі туристік нысан іске қосылды. Шетелдік және отандық туристерге қызмет көрсетуге арналған «Etno Park Resort» этно ауыл мен «Алмалы» демалыс аймағы еуропалық стильде бой көтерген.
«Etno Park Resort» этно ауыл-демалыс орны бір мезетте 180 адамды қабылдауға қауқарлы. Нысанның жалпы құны 417 млн теңгені құрайды. Меншік иесі К.Өтегенованың айтуынша, демалыс аймағында 29 жергілікті тұрғын жұмыс істеуде.
«Алмалы» демалыс аймағында сыйымдылығы 50 орындық мейрамхана және туристерге қызмет көрсетуге арналған бассейн, жазғы алаңшалармен қамтылған. Жобаның құны 123 млн теңге. Нысан иесі 20-ға жуық ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Бүгінгі таңда Түлкібас ауданында 36 туристік нысан аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетуде.
Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың үш мыңнан астам түрі бар. Олардың басым көпшілігі – қазақ даласы қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі. «Көктем аруының» ең әдемі түрлері Түркістан облысындағы Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарындағы таулы аумақтарда кездеседі. Соның ішінде Түлкібас ауданындағы Шұбайқызыл шоқысынан еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген грейг түрін табуға болады.
Түлкібас ауданында «Қызыл кітапқа» енген, яғни айрықша қорғауды қажет ететін лала гүлдерді қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында халықаралық «Қызғалдақ» фестивальдары өтіп тұрады. Оған жыл сайын мыңдаған шет елдік саяхатшылар келеді. Еуропалық стильде бой көтерген «Etno Park Resort» этно ауыл мен «Алмалы» демалыс аймағы алдағы ауқытта халықаралық деңгейде өткізу жоспарланған фестиваль қонақтары мен таулы аймаққа келуші туристер үшін таптырмас мекенге айналады деп күтілуде.