Бүгінде жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл бар. Оның ішінде 88-і жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген.
Бұл бағытта Түркістан облысы Жетісай ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық деп аталатын шағын ғана ауылда орналасқан «Сүндет» шаруа қожалығы дөңмаңдай (толстолоб), амур, сазан сынды 1 млн 300 дана балық шабақтарын өндіріп, өсіруде. Шабақтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар дейді мамандар.
- «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылғы халыққа жолдаған «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған болатын. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ын субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді. Нәтижесі де көңіл қуантарлық» - дейді шаруа қожалық жұмысымен арнайы келіп танысқан Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Көбейбек Әлиев.
Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған өңірдің балық тауарын өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып келеді.