Еліміздегі үшінші мегаполистің инфрақұрылымы басты назарда. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тікелей бақылауындағы бұл мәселе, бүгінде біршама реттеле бастады. Осы орайда, құрылысы жүріп жатқан газ, су, жарық жүйелерінің жұмысымен энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков БАҚ өкілдеріне арнайы таныстырды.
Баспасөз турының алғашқы аялдамасы бүгінде 98 пайыз құрылысы аяқталған автоматтандырылған газ тарату стансасы болды. Қаланы табиғи газбен толық қамтамасыз ету мақсатында салынған нысан 250 000 м3/сағ құрайды. Ал, нысанның техникалық құрал-жабдықтары 100 пайыз орнатылып қойыпты.
Қаланың табиғи газ көздерінің қуаттылығы АГРС-1, АГРС-4 «Шымкент» 180 000 м3/сағ құрап отыр. Алайда, бүгінгі таңдағы қажеттілік -250 000 м3/сағ құрауы қажет. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында АГРС-3 нысанын салуға шешім 2019 жылы қабылданған болатын. Қазіргі таңда, АГРС-3 нысанның газ құбырына гидравликалық сығымдау жұмыстары жүрізілуде. Станция іске қосылса, тұрғын үй, әлеуметтік, кәсіпкерлік және өндірістік нысандар сапалы және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
"Бүгінде қала халқының 92,2% табиғи газбен қамтылған. Алдағы уақытта станция іске қосылса 100 пайызға жетеді деген жоспар бар. Сондай-ақ, көгілдір отынның қоры қалада артығымен сақталатын болады",- дейді Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы
Боранбай Болатбеков.
Сонымен қатар, пресс-тур барысында журналистерге құрылысы жүргізіліп жатқан үш магистралды су құбырының құрылыс жұмыстары таныстырылды. Жалпы ұзындығы 11,37 шақырымды құрайтын «Көмешбұлақ» нысанының қазіргі уақытта 8,3 шақырым құбыр орнатылып, құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталыпты. Өткен жылы басталған құрылыс осы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланып отыр екен.
Аталған магистралды су құбырының құрылысы аяқталса шаһардың солтүстік бөлігі, яғни Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Батыс, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ тұрғын алаптары толыққанды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 14 нысанның, яғни 3 магистралды суаққы мен 11 ішкі орамдық жүйелер құрылысы жүргізілуде.
Биыл құрылыс жүріп жатқан 9 елдімекенде жұмыстар аяқталды деп жоспарлануда. Олар Тұран, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан, Асар-2, Ақтас, Жаңаталап және Сәуле шағын аудандары сапалы ауыз сумен қамтылады деп күтілуде. Миллионды қаланы сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы «1-М-1» қосалқы станциясының құрылысы басталған болатын. Желілердің ұзындығы – 5,2 шақырым. Қоректендіру желісі 110 кВ құрайтын қосалқы станцияда бүгінде техникалық сынақ жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Нысан Бозарық станциясынан қуат алатын болады.
Алдағы уақытта қосалқы станциясы іске қосылса қаланың 5 бірдей елдімекені сапалы қуат көзіне қосылатын болады. Атап айтар болсақ, олар Асар-2, Солтүстік саяжай, Қайнарбұлақ, Достық, Қайтпас-2 шағынаудандарындағы 60 мыңға жуық тұрғын қамтылады деп көзделуде.